Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әбунасыр Серіктің денсаулығына байланысты шықпадық": 6 жылдан кейін "Нысана" әзіл-сықақ театры сахнаға оралды

Әзілсүйер көрерменнің ыстық ықыласына бөленген “Нысана” театры араға 6 жыл салып, сахнаға шықты. Театрдың уақытша тоқтау себебін топ мүшелері “Көреміз” бағдарламасында айтып берді. 

Фото: https://www.instagram.com/nysana_teatry/

Бағдарламаға қонақ ретінде шақырылған театрдың негізін қалаушы Әбунасыр Серіков келмей қалды. 

                               “Алғашқы ұстазымыз – Есен Елеукен”

“Біздің дос болғанымызға 24 жыл болды. Алғашында “ТехАс” КВН командасында өнер көрсеттік. Қазіргі Әуезов атындағы ОҚМУ-ды әлі күнге дейін “Тех” деп атайды. “АС” деген тіркес “Айрықша студенттер” деген сөзден шыққан. Жайдарманда чемпион болмадық. Бірақ әрқайсымыз әртүрлі топта ойнағанда чемпион болдық”,  – деді топ мүшесі Абай Аязбаев. 

Әзілдерімен көрермен көңілін жаулаған “Нысана” театрының құрылуын қазір директор қызметін атқаруға ниетті Дәнекер Оразбай айтып берді. 

“2006 жылы Ақтөбеге тойға бардық. Сол кезде Әбунасыр Серік пен Алмат Сақатовпен бір пойызда жолығып қалдық. Әбекеңе “Бауыржан шоу” секілді саған да бір театр керек деп айналасының айтып жүрген уақыты. Бізді жақсы танитын болып шықты. Оған дейін КВН сахналарында әзілдерімізді көріп, әділқазы болып жүрген еді. Көп ойланбастан, 2007 жылы “Нысана” театрын құрдық. “Есен Елеукен жақын ба, Әбунасыр Серік жақын ба” деген сұрақтар жиі қойылады. Есен аға – алғашқы ұстазымыз. Бірақ көп қиындықты театр кезінде көргесін, Әбекең бізге қол-ұшын созды. Есен ағаның алдына көп ештеңені сезінбей, жастық шақпен бардық” – деді актер. 

                      “Әбекеңмен арамызда реніш болған емес”

Сонымен қатар театр ұжымының алғашқы ұстазы Есен Елеукен де пікір білдіріп, шәкірттеріне сәттілік тіледі. Алайда Әбунасыр Серіков пікір білдірмеген. 

“Театр директоры Әбекеңнің денсаулығы сыр беріп, екі жыл концерттерге шықпадық. Бізді жабылып қалды, тарап кетіпті деген өсек айтылды. Оның бәрі жалған. Ол кісі анасы дүниеден өткеннен кейін, қатты соққы алып қалды. Содан кейін өзі келіп, “өздерің жалғастыра беріңдер” деді. Басқа арамызда ештеңе болған жоқ. Қазір бірнеше кинода бой көрсетіп жүр. Денсаулығы да дұрысталып келеді”, – деді топ мүшесі Мәди Төреқұлов. 

Актерлердің айтуынша, сахнадан кеткен 6 жылдық үзілісте жеке шаруаларын дөңгелеткен. Кейбірі жеке кәсіппен айналысып, табыс тауып отырған. 

“Өнерді тастаған емеспін. Ол мені тастап кетпесе болғаны. Сахнаны қатты сағындым. Қазір асханалар желісіне бағытталған кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Жақында өтетін концертіміздің демеушісі өзің боласың деп жігіттер қалжыңдайды”, – деді актер Жарас Ахметов. 

                               “Қазақты күлдіру үшін плагиат жасай береміз”

Сонымен қатар бағдарлама барысында театр ұжымының плагиат жасайтыны туралы да сөз болды. 

“Плагиат – ұрлық. Оның да бірнеше түрі бар. Авторлық құқықты ұрлаумен бірдей. Заң жүзінде тыйым салып, тосқауыл қою керек”, – дейді актер Бауыржан Орда. 

Блогер Жан Ахмадиев те “Дәнекердің әзілдерінен плагиатты байқадым. Орыстардың театрын көбірек қарайды екен” деген сөзді айтып қалды. 

17 жылдан бері әзіл сахнасында аңызға айналған “Нысана” театры жаңа құраммен көрерменмен қайта қауышпақ. Топ мүшелерінің таңдауы жайдарманшы Тағай Нұралиев пен актриса-биші Айсұлу Бекахметоваға түскен. 

Талқылау