Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Чемпиондар лигасында қай команда жеңіске жетеді – Футболшылар пікір білдірді

Футболдан Еуропаның басты додасы саналатын Чемпиондар лигасының ақтық мәресіне аз қалды. Бүгін-ертең жартылай финалдың қарымта матчтары өтіп, финалға шыққан командалар анықталады. Осы орайда, елімізге белгілі футболшылар STAN.KZ ақпараттық агенттігіне Чемпиондар лигасында қай команда жеңімпаз атанатыны және қай командаға жанкүйер екендігі туралы сұрақтарға жауап берді.

“Реалдың” деңгейі мен сапасы басқа командалардан жоғарылау”

Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы әрі капитаны болған Қайрат Нұрдәулетов Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан командалардың ешқайсысына жанкүйер емес екенін айтты.

“Шынымды айтайын, төрт команданың ешқайсысына жанкүйер емеспін. Дегенмен командалардың ойындарын саралай келе, “Реал Мадрид” клубы Чемпиондар лигасын жеңіп алатындай көрінеді. Жалғыз мен ғана солай ойламайтын сияқтымын. Өйткені “Реалдың” алдыңғы шептегі шабуылшылары мен жартылай қорғаушыларының деңгейі мен сапасы басқа командалардан жоғарылау. Мадридтік клубтың өз алаңында өткізетін ойынында жеңіске жетіп, финалға шығады деген сенімдеміз. Финалда да жеңіске жетеді деп ойлаймын””, – дейді экс-капитан. 

“Реал Мадрид” командасының жанкүйерімін

Алматылық "Қайрат" футбол клубының және Қазақстан құрамасының үздік қорғаушыларының бірі болған Елдос Ахметов командаға емес, бапкерлерге жанкүйер болатынын жасырмады.

“Негізі мадридтік клубтың жанкүйерімін. Бірақ көп жағдайда командаға емес, бас бапкерлердің фанаты боламын. Өтйкені бас бапкерлердің жұмысы көрінбей, тасада қалып жатады. “Ливерпульдің” ойыны ұнайды, бас бапкері Юрген Клоптың жанкүйерімін. Ал Чемпиондар лигасында “Реал” командасына жанкүйермін және мадридтік клуб жеңіске жетеді деген сенімдемін” – дейді Ахметов.

“Реалдың” Чемпиондар лигасында ойнаған тәжірибесі көп”

Қазақстан құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы, 2011 жылдың ең үздік футболшысы Ұлан Қонысбаев испаниялық немесе германиялық командалардың біреуі жеңіске жететінін тілге тиек етті.

“Мен “Барселона” командасының жанкүйерімін, бірақ Чемпиондар лигасында “Реал” футбол клубы жеңіске жететін сияқты. Өйткені бұл команданың Чемпиондар лигасында өткізген ойындары мен тәжірибесі өте көп, бұл шешуші фактор болуы мүмкін. Дегенмен “Боруссия” командасы да таңғалдырып, тамаша өнер көрсетіп жатыр. Тіпті, дортмундтық команда да жеңімпаз атануы мүмкін. Кім біледі, егер “Боруссия” “ПСЖ” командасынан ұтып жатса, Чемпиондар лигасын да ұтып алуы мүмкін” – дейді Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы.  

 

Талқылау