Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ-дағы "пәк" қыздар тізіміне қатысты дау: Кімдер қалай жазаланды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерін рұқсатсыз тарату бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Флюорографиядан өтуге тиіс студенттердің жеке және медициналық ақпараты бар, атап айтқанда, ЖСН-і, телефон нөмірлері және гинекологиялық деректері бар құжат 190-ға жуық қосылған WhatsApp топта тарап кеткен. Кейін университет келісім жасасқан медициналық ұйымның қызметкері құжатты қателесіп көпшілік арасында таратып жібергені белгілі болды. 

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

“Бүгінде Алматы полициясы жеке деректер мен оларды қорғау талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық құқық бұзушылық деректері болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады”, – делінген хабарламада.

Министрлік қызметкерлері оларға тергеуге, оның ішінде университеттің әрекетіне сараптамалық қорытынды беруге жағдай жасайды.

Жағдайды анықтау үшін университетке сауал жолданды. 

“Министрлік жеке мәліметтердің таралуына қатысты түсініктеме алу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сауал жолдады. ЖОО ұсынған жауапқа сәйкес, университетпен шарт негізінде әрекет ететін медициналық ұйымның қызметкері 2024 жылғы 6 ақпанда WhatsApp арқылы флюорографиялық зерттеуден өту үшін студенттер тізімі бар Excel форматындағы құжаттарды жіберген. Онда студенттердің ТАӘ-нен басқа, медицина қызметкерінің құпиясына жататын мәліметтер қамтылған”, – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ министрлік жәбірленуші студенттерден ешқандай шағым түспегенін атап өтті.

Бұған дейін аурухана директоры ҚазҰУ студенттерінің "пәктігі" туралы деректер не үшін керек екенін айтқан еді.

Еске салсақ, бұған дейін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде “пәк” қыздардың тізімі тарап кеткені туралы жазған едік. Кейін студенттердің жеке деректерін таратқан адам медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері екені анықталды. Алматы қалалық прокуратурасы жеке деректерді тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Талқылау