Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішек инфекциясын жұқтырасыздар": Желіде дәрігердің шланг жұту зиян деп айтқан видеосы талқыға түсті

Әлеуметтік желіде өзін фитотерапевт деп таныстырған Андрей Коротков асқазан және ішек құрылысын тексеру үшін шлангы жұту дұрыс емес екенін айтты. Сонымен қатар желідегі оқырмандар арасында бұл процедурадан кейін өзін нашар сезініп, инфекция жұқтырғандар да бар болып шықты. Бұл мәселені Stan.kz тілшісі тереңірек зерттеп көрді.

Фото: ckbran.ru

ФГДС жасауға қатаң тыйым саламын

Фитотерапевт Андрей Коротков қазақстандықтар ФГДС тапсырғаннан кейін қалай ішек инфекциясын жұқтыратынын айтып берді. 

"Бұл – инфекция жұқтырудың бірден-бір көзі. Енді мүлдем зондты жұтпаңыз. Мүлдем. Себебі ішек инфекциясын жұқтырасыздар. Сіз фолиді анық көре аласыз. Өйткені шлангыны асқазынына апарған соң оны қайтадан қабылдап аласыз. Сіз былай айыққан сияқты көрінгеніңізбен, алайда ағзаңызға қайтадан ішек инфекциясы (хеликобактер пилориді) барды. Түсінікті ғой, солай ма? Қандай жағдай болса да, зонд құрылғысын қайта қолданбаңыз. Фолидің анализіне қарасаңыз, бәрі түсінікті болады. Өйткені ішек құрылысы жұмысында асқынулар пайда болады", – деді Андрей Коротков видеода.

Айта кетейік, ФГДС (Фиброгастродуоденоскопия) – бұл өңешті, он екі елі ішекті, асқазанды зерттеудің эндоскопиялық әдісі. Фиброгастродуоденоскопия асқазан-ішек жолдарын көзбен зерттеудің ең тез, тиімді және қауіпсіз жолдарының бірі. Оның көмегімен аздаған уақытта нақты диагностика жасап, қажет болған жағдайда ас қорыту ағзаларынан ісіктерді жедел жоюға болады. 

Дәрігер ішек инфекциясын жұқтырған адамға фиброэзофагогастродуоденоскопияны жасауға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

"ФГДС жасауға қатаң тыйым саламын. Қараңызшы, асқазан тексеретін түтікте оптика орналасқан. Мұнда оптиканы 300 градус температурада екі сағат бойы өңдей алмайсыз. Ол одан әрі бұлыңғырланып кетеді. Кейін оны мамандар жай ғана ерітіндімен тазалай салады. Бұдан бөлек онда микро, тесік деп айтуға келмес, бірақ оптиканы байланыстыратын техникалық саңылау болады. Мысалы, емделіп жүрген адам қайтадан түтікті жұтқанда, оның асқазанына хеликобактер түседі. Түтікті тек ерітіндімен өңдегендіктен онда инфекция қалып қалады", – деді фитотерапевт.

Бетім мен денем сарғайып кетті 

Дегенмен Айнұр есімді әйел ФГДС тапсырған күннің ертесі денесі сарғайып, ауырғанын айтып берді.

"Ауруханаға барған кезде менен бұрын басқа науқас ФГДС жасатуға кірді. Алайда оның гепатит немесе циррозбен ауырған адам секілді сарғайып кеткенін байқадым. Ол адамнан кейін мен де асқазанымды тексерттім. Бірақ келесі күні бетім мен денем сарғайып кетті. Біткен жерім осы деп ойладым. Құдайға шүкір бәрі ойдағыдай болды. Гепатитке анализ тапсырдым. Нәтижесі теріс шығып, дәрігер бәрі бірқалыпты екенін айтты. Десе де бетімнің сарғайғаны кетпеді. Содан кейін ауруханада 2 аптаға жуық жатып, дәрі ектірдім. Сонда да қорқыныш қалды", – деді Айнұр.

Сонымен қатар науқаста әлгі адамға қарап, іштей "мен де осы адам секілді ауырып қаламын ба?" деген сұрақ туындаған.

"Мүмкін содан да болар, сарғайып кеттім", – деді Айнұр.

Кейіпкердің сөзінше, дәрігерлер не себепті науқастың бұлай сарғайып кету себебін нақты айта алмаған.

"Ақыры аяғында нақты диагноз қоя алмады. Ауруханаға жатқызған кезде бұл панкреатит пен холециститтің асқынып кетуінен деп түсіндірді. Алайда дәрігердің бұл диагнозына күмәным бар. Себебі, тіпті, іш құрылысының МРТ-сін жасаттым, бәрі жақсы екенін көрсетті", – деді кейіпкеріміз Айнұр.

Айнұр ФГДС-тің, яғни гастроскопияның жолдамасы болмаса, гастроэнтерологқа қарала алмайтынын айтты. 

Міндетті түрде стерилизация жасалады

Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитариялық-эпидемилогиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова құрылғылар арнайы талапқа сай өңделетінін айтып берді.

“Эндоскоптарды дезинфекциялық өңдеу "Дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № ҚР ДСМ-68 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Стерильденбеген эндоскопиялық араласулар (ас қорыту жолдарын тексеру) жүргізуге арналған эндоскоптар, олардың барлық құрал түрлері қолданғаннан кейін тікелей алдын ала тазалауға, герметикалыққа тест жүргізуге, стерилизацияға дейінгі тазартуға, эрозияны микроорганизмдермен қайталама ластануды болдырмайтын жағдайларда зарарсыздандыруға және сақтауға жатады”, – деді Арай Зекенова.

Бас сарапшы эндоскопты әр қолданғаннан кейін оны өңдеудің барлық кезеңі толық көлемде жүргізілетінін атап өтті. Бұдан бөлек эндоскоптың барлық арнасы эндоскопиялық араласуға қатысқанына немесе қатыспағанына қарамастан өңделеді дейді ол.

“Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мамандары стерильділік пен бактериялық ұрықтандыруға зертханалық бақылаумен эндоскопиялық жабдықты өңдеу кезеңдерін жүргізуге бақылау жүргізеді”, – деді санитар-эпидемиолог.

Еш қорқудың қажеті жоқ

Алайда гастроэнтеролог Венера Қайратқызы желіде тараған дәрігердің пікіріне қарсы шықты.

"ФГДС тапсыру кезінде тек хелликобактер жұқтыру қаупі жоғары. Оның өзінде инфекция тек хелликобактермен ауырған адаммен жақындасып, оның сілекейі арқылы немесе қолданған заттарын ұстап көру арқылы жұғады. Ал бұны жұқтырған жағдайда одан қайта сараптама алынып, ол науқасқа антибиотиктер тағайындалады. Дегенмен гепатит жұқтыру жағдайлары мүлдем болмаған. Себебі зонд белгіленген тәртіпке сай ол өңделіп, тазаланады. Себебі оны кемінде 30 минут тазалау қажет. Бұдан бөлек екінші науқас процедуралық жасатпас бұрын, кабинеттерде желдетіліп, кварцтеледі. Құрылғыны тазалауға маманданған медбикелер оны арнайы щеткамен физиологиялық ерітіндіге салып, оны жуып шығады. Гастроскопия арнайы жабдықталған кабинетте өткізіледі және эндоскопия мен гастроэнтерология бойынша мамандандырылған эндоскопиялық дәрігерімен (гастроэнтеролог) жүргізіледі. Сондықтан еш қорқудың қажеті жоқ", – деді гастроэнтеролог-эндоскопист Венера Қайратқызы.

Эндоскопист бұл салада 13 жыл тәжірибесі барын, мұндай жағдай қызмет бабында кездеспегенін негізге алды. Сонымен қатар Венера Қайратқызы ФГДС тапсыру барысын егжей-тегжейлі айтып берді. Ең әуелі, тіл түбіріне спрей-анестетикпен немесе анестетикпен ауыз шаюмен анестезия жасалады дейді эндоскопист. 

"Бұл жұтқыншақ бұлшықеттерін босаңсытып, құсу рефлексін төмендетеді. Осылайша дәрігер эндоскопты өңешке оңай өткізуге мүмкіндік береді. Сізді оң немесе сол жақ бүйіріңізге қарай жатқызады. Көбіне оң жақ ыңғайлы болады. Содан кейін аузыңызға арнайы ерін арты құрылғысын орнатады. Бұл сіздің тістеріңізді эндоскоппен зақымданудан және эндоскопты сіздің тістеріңізден зақымданудан қорғайды. Өйткені ол өте қымбат жабдық. Содан кейін тілге сәл баса отырып, эндоскоптың ұшын ауызға бірте-бірте енгізеді. Осыдан кейін дәрігер эндоскопты өңешке салып, әрі қарай өткізу үшін сізден жұтуды сұрайды. Эндоскоптың диаметрлік өлшемі тамақ кесегінен айтарлықтай төмен болғандықтан жұту немесе тыныс алуға кетергі болмауға тиіс", – деді гастроэнтолог Венера.

Венера Қайратқызы процедурада дәрігер қажет болмаса, жұтпауға кеңес береді.

"Егер сілекей ауыз қуысында жиналса, зерттеу кезінде дәрігерге көмектесетін медбике оны сору кезінде алып тастайды. Эндоскопист өңештің, асқазанның және он екі елі ішектің қабырғаларының жағдайын бағалау үшін окулярға немесе бейне мониторға қарай отыра бірте-бірте эндоскопты ішектің түтікшесі арқылы өткізеді. Егер органдардың қабырғаларын тексеру кезінде ақаулар туындаса, онда ауа немесе су эндоскопта арнайы түтік арқылы асқазанның люминесіне жеткізіледі. Ол қабырғаларды жуу, инспекцияланатын аймақты тазартады немесе эндоскопты линзаны тазартады. Содан кейін сұйықтық пен ауа сору арқылы жойылады", – деді Венера Қайратқызы.

Эндоскопист процедура арнайы дайындықты талап ететінін және ол жайлы науқасқа емшараны тағайындау кезінде ескертілетінін атап өтті. 

"Науқас екі тәулік бұрын рационнан шоколад, жаңғақ, шекілдеуік пен ащы тағамдарды алып тастау керек. Бұл уақытта алкогольді ішімдіктерді ішуді тоқтатқан жөн. 18 сағат бұрын жеңіл тамақтанып алған дұрыс", – деді дәрігер Венера Қайратқызы.
@balzami_korotkova_uralsk
♬ оригинальный звук - saniyadauletova0
Талқылау