Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық цирк әртістері Ұлыбританиядағы шоуда топ жарды (видео)

Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Батыр Жанұзақ, Марлен Маратов және Зарина Дигарбекова британиялық танымал Britain’s Got Talent телешоуында өнер көрсетті. Керемет қойылымнан кейін әртістер шоудың екінші кезеңіне өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Олар күрделі акробатикалық жаттығуды орындады. Қатысушылардың бірі баспалдақпен көтерілді, ал серіктес оның басына сүйеніп, бір қолымен тірек жасады.

"Олар өнер көрсетіп болғанша жүрегіміз дүрсілдеп тұрды. Акробаттар бір-біріне тепе-теңдік сақтап, баспалдақпен көтерілу кезінде шеберліктерімен таңғалдырды. Мұны үй жағдайында қайталамаңыз”, – деді жоба ұйымдастырушысы. 

Ал жобаның көрермені мен қазылар алқасы Саймон Коуэлл, Аманда Холден, Алиша Диксон және Бруно Тониоли әртістерге ду қол шапалақтады.

Жобаның екінші кезеңі 17 мамырда өтеді.

"Біздің өнерпаздар Britain's Got Talent сахнасында алғаш рет цирк қойылымын көрсетіп, екінші турға өтті. Олардың келесі әрекеті де өте қызық және көрерменді тәнті етеді деп ойлаймыз”, – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Britain's Got Talent – танымал британиялық реалити-шоу. Жоба жеңімпаздары ақшалай сыйлық пен 2024 жылдың қарашасында Лондонда өтетін Royal Variety Performance-те өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

 

Талқылау