Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ерекше балалардың ата-аналары қайырымдылық қорының иесін алаяқтық жасады деп айыптады

Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған қордың ақшасына басшылары қол салған. Емдеу үшін елден ақша жинап, артынан ерекше балалардың ата-аналарын алдап кетіпті. Шетелге апарып емдеудің орнына түрлі сылтау айтып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Ақтөбелік Темірхан Арун баласы Алматыда 11 химия терапиясын алғанын айтты. Алайда қор емге керек қалған ақшаны бермей қойған.

"Алматыда 11 химия терапиясынан өттік. Одан Мәскеуде өттік. Былтыр қыркүйек айында "Море лайфқа" хабарласып, баланы шетелге апаруға көмек сұрадық. Біз бес күнде 5 миллион жинап тапсырдық. Ол ақшаның бізге жұмсалғаны тек – 230 мың теңге. Астанаға барып-келуге жұмсалды. Қалған ақшаның бір теңгесін де қайтарған жоқ", – деді Темірхан Арун.

Баласының еміне дауа іздегендер енді құзырлы органдардан көмек сұрап жүр. Қайырымдылық қоры олардың ұл-қызын алыс шет мемлекеттердің медициналық орталықтарына апарамыз деп сендірген.



Тек ата-аналардың видеоүндеуін жазып, балаларды фотоға түсіріп алады. Ең қызығы, ақшаны мүгедек баланың отбасы өзі жинайды. 5 миллионға толғанда қорға қолма-қол беріп отырады. Ақыры шетелдегі ем де жоқ, ақша да жоқ, алдап кетеді. Қазір қайырымдылық қорына қарсы алты ата-ана арыз жазған. Қор басшысы қамауға алынды. Келтірген шығын – 30 миллион теңге. Құзырлы органдағылар зардап шеккендер одан да көп болуы мүмкін дейді. 

Ал Ақтөбе прокурорының орынбасары Нұрлан Қалдығожин тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Тергеу әрекеттері басталып кетті. Сонымен қатар кеше, яғни 16 сәуір күні осы қайырымдылық қордың жетекшісі Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр", – деді Нұрлан Қалдығожин.

Талқылау