Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз күткеннен де асып түскіміз келеді": Škoda бренді Қазақстан нарығына қайта оралды

17 сәуірде Prague Auto компаниясы Қазақстан нарығына Škoda брендінің оралғанын мәлімдеді. Қазақстандықтарға жақсы таныс брендтің алғашқы сатылымы Kodiaq кроссоверінің бірінші буынымен басталады. Бұл автокөлік сенімді әрі отбасылық көлік ретінде көпшіліктің жақсы бағасын алған. Үш комплектацияда сатылатын Kodiaq-қа компания 5 жыл немесе 150 000 шақырымға дейін кепілдік береді. Әрі бағасы да тікелей баптауларына байланысты болады.

Шкода презентация

Allur автомобиль компаниясының бір бөлігі саналатын Prague Auto – Қазақстандағы Škoda автокөліктерінің ресми дистрибьюторы. Осылайша Škoda Auto-ның жаңа тарауы брендтің Қазақстанға қайта оралуымен басталмақ. Компания сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Семей және Қостанай қалаларында 7 дилерлік орталықтарының желісін құруды жоспарлап отыр.

Алматыда өткен Škoda Kodiaq кроссоверінің презентациясында сөйлеген сөзінде компанияның Азия аймағы бойынша сату жөніндегі директоры Марек Ружичка көліктің Қазақстанда аса танымал екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде қазірге дейін Škoda брендінің 24 мыңға жуық данасы өз қожайынын тапқан.

Қазақстандағы Škoda компаниясының басшысы Андрей Тананыкин өз сөзінде Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы автосалондар 3С стандарттарына сәйкес жұмыс істейтінін атап өтті. Яғни бұл орталықтарда қазақстандық Škoda автокөліктерінің барлық иелеріне толық қызмет көрсетіліп, қосалқы бөлшектердің түпнұсқа түрін сатып ала алады. Сонымен қатар, сатылымда өмір салтын құруға көмектесетін аксессуарлар міндетті түрде болады. Олардың ішінде – велосипедтер, киім-кешек, хоккей жабдықтары, демалыс және кемпинг тауарлары, балаларға арналған автокреслолар бар. Компания бұл жаңа автокөлік мүмкіндіктерін ашатын ассортименттің кішкене бөлігі ғана екенін және қазақстандық тұтынушылар үшін жаңа хоббиге айналу ықтималдығын атап өтті. 

Шкода презентация 2

Сөзін жалғай келе Тананыкин сатылымды Škoda-ның танымал брендімен бастап отырғанына ерекше тоқталды.

“Көптеген көліксүйерлер үшін Škoda Kodiaq-ты артық таныстырудың қажеті жоқ. Бұл көлік осы уақытта ең жайлы отбасылық көлік және қалаға арналған үздік автомобиль ретінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Бүгін осы брендті қазақстандықтарға ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз”, – деді Андрей Тананыкин.

Енді көліктің өзіне тоқталсақ. Škoda Kodiaq FL – тамаша еуропалық сапаға ие, заманауи дизайны және бірегей функционалдығы бар сәнді жол талғамайтын көлік. Компания Kodiaq-ты үш комплектацияда сатады: Ambition, Style және Sportline. Сондай-ақ олардың әрқайсысында қазақстандық клиенттер үшін мұқият таңдалған жеке жабдықтары бар. Бұл машиналардың барлығы 2 литрлік турбомотормен жүретін толық жетекке ие. Škoda Kodiaq автокөлігінің Қазақстандағы құны 18 690 000 теңгеден басталады және әрі қарайғы бағасы тікелей комплектациясына байланысты. Марка модельге 5 жыл немесе 150 000 шақырымға кепілдік береді.

Шкода презентация 3

Андрей Тананыкин сөзін жалғай келе 2024 жылдың екінші жартысында Қазақстанда аталған брендтің басқа модельдері пайда болатынын жеткізді. 

“Мысалы, бұл қатарда орташа өлшемді жол талғамайтын Karoq және ықшамды Kamiq болады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың қажетіне қарай көлік таңдауының кең ауқымын қамтамасыз етеді. Сонымен қоса әлбетте аты аңызға айналған әрі бестселлер атанған Škoda Octavia-ның төртінші буыны сатылымға шығады. Олардың баптаулары мен бағалары модельдердің салтанатты тұсаукесері аясында жарияланады”, – деді ол.

Škoda Auto-ның қызмет көрсету сапасы мен тұтынушылармен жұмыс істеу көрсеткішіне ерекше назар аударатынын баса айтқан Тананыкин аталған компанияның басқа нарықтағы стандарттары Қазақстанға да енетінін қуанышпен хабарлады.

Қазақстандағы Škoda компаниясының сатылымнан кейінгі қызмет көрсету департаментінің директоры Игорь Шевченко көпшілікті қызықтыратын қосалқы бөлшектер жайында тоқталды. Оның сөзінше, жеткізушінің орталық қоймасына бөлшектердің алғашқы жеткізілімі жүзеге асып қойған.

“Материалдар мен аксессуарлардан тұратын қосалқы бөлшектердің жалпы жинағы – 305 мың. Бір атап өтері, мұның ішінде мерзімді техникалық қызмет көрсету материалдары ғана емес, кейбір жөндеулерге қажет көлік құралдарының барлық жүйелерінің жабдықтары бар. Біз бұл жабдықтардың санын міндетті түрде арттырамыз”, – деп атап өтті ол.

Игорь Шевченко сонымен қатар дилерлік орталықтарда диагностикалық жабдықтарға қатысты IT инфрақұрылымын жүргізгенін айтты. Сөзінше, компания желілерінде Volkswagen тобының қолдауымен мұқият диагностика жасалады.

Шкода презентация 4

Компания өкілі сөзін жалғай келе Қазақстандағы басқа да Škoda брендтерінің иелерін тарту жоспары жүргізіліп жатқанын алға тартады.

“Қазір біз бұл тұтынушыларды тарту үшін арнайы сервистік маркетинг бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Өзіміздің қазіргі тұтынушыларымыз бен болашақ тұтынушылардың күткенінен де асып түскіміз келеді. Бұл автокөлік әр отбасының шын қуанышына айналып, барша қазақстандықтар арасында танымал болады деп сенеміз”, – деп түйіндеді Игорь Шевченко.

Сөз соңында айта кетейік, Škoda Auto – Еуропадағы ең көне автомобиль өндірушілердің бірі. 1895 жылдан бастап, автомобиль өнеркәсібі әлі қалыптасып жатқанда Škoda қазіргі заманғы технологиялары мен өнертабыстарын өндірісте қолдануымен көзге түсті. Қозғалыс пен технологияның қуанышы алдымен велосипедтерден басталып, содан кейін мотоциклдер және ең соңында автомобильдер түріне айналды. Ал дизайнды, функционалдылықты және инновацияны біріктіруге деген ұмтылыс брендтің соңғы 125 жылдағы тапқырлығына түрткі болып келді.

Талқылау